Елордада халықаралық мұражайлар күніне арналған шаралар өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында халықаралық мұражайлар күніне арналған іс-шаралар өтеді.
Іс-шаралар аясында Мәдениет министрлігі және Астана әкімдігі Халықаралық мұражайлар кеңесінің ұлттық комитетімен (Қазақстанның ICOM) бірлесіп, зиялы қауым өкілдерінің, мәдениет қайраткерлерінің, Қазақстанның мұражай қызметкерлерінің қатысуымен «Мәңгілік елге саяхат» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырады, сонымен бірге мұражай қызметкерлерінің үздігі мен мұражай ісінің ардагерлерін құрметтеу салтанаты өтеді.
Дөңгелек үстел өткізудің мақсаты - тарих пен мәдениет тұтастығы мәселелерін талқылау; ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстандық жол - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы тұрғысынан мұражай ісі дамуының жақын арадағы келешегін айқындау болмақ.
Жыл сайын 18 мамыр күні өнер сақтаушылары - дүние жүзіндегі мұражай қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін - Халықаралық мұражай күнін мерекелейді. Аталған мейрам 1977 жылы Халықаралық мұражайлар кеңесінің (ICOM) отырысында мұражайлар күнін мерекелеу туралы шешім қабылданғаннан бастап атап өтіледі. 1978 жылдан бастап бұл мереке әлемнің 150-ден астам мемлекетінде аталып келеді.
Халықаралық мұражайлар кеңесінің (ICOM) бастамасымен биылғы жылы мейрамның ұраны - «Мұражай жинақтамасы біріктіреді» деп таңдалды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында әр түрлі бағыттағы 223 мұражай жұмыс істейді, олар: тарихи-өлкетену, этнографиялық, көркемдік, мемориалдық және т.б.
Мұражай қорлары мен экспозицияларында шамамен 2,3 млн. материалдық және рухани ескерткіштер бар. Соңғы жылдары жақын және алыс шетел мұрағаттарына, кітапханаларына және мұражайларына мақсатты ғылыми экспедициялар мен іссапарларға шығу нәтижесінде еліміздің мұражай қорлары жаңа деректі материалдармен және бірегей артефактылармен толықты.
Дәстүр бойынша, 18 мамыр күні еліміздегі мұражайлардың есігі көпшілік үшін ашық. Бұл күні көптеген іс-шаралар, тақырыптық экскурсиялар және «Мұражайдағы түн» акциялары өткізіледі.