Елордада Халықаралық шахмат күні атап өтілді

АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада халықаралық шахмат күні атап өтілді. Осыған орай елордаға еліміздің көрнекті гроссмейстерлері келді, деп хабарлайды astana.kz сайтына Қазақстан Республикасының Шахмат Федерациясы.

Елордада Халықаралық шахмат күні атап өтілді

Халықаралық шахмат күні Дүниежүзілік Шахмат Федерациясының бастамасы бойынша 1966 жылдан бері атап өтіліп келеді. Бұл күні түрлі игі іс-шаралар өткізу дәстүрге айналды. Биылғы жылы шахмат күні құрметіне «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы ғимаратында өнер, спорт және ғылым негіздерінен іс-шаралар ұйымдастырылады.

«20 шілдеде Астанада Халықаралық шахмат күні ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы, гроссмейстер Нұрлан Ибраевпен бірге атап өтілуде. Сондай-ақ, бұл күні елордаға еліміздің шахмат құрама командасының ойыншылары Ринат Жұмабаев пен Әнуар Исмағамбетов келеді», - делінген хабарламада.

Мерекелік бағдарламаға байқаулар, ойын-сауықтар, еліміздің жетекші гроссмейстерлерінің бір ойындық сеанстары кіреді.

Соңғы жылдары Қазақстанда шахмат ойыны кеңінен таралуда. 2012 жылы шілдеде елордамызда блиц пен жылдам шахматтан Әлем чемпионаты өтті. Бұл - Халықаралық Шахмат Федерациясының Қазақстанға деген сенімінің жоғары екендігінің белгісі. Бұған 2013 жылы наурыз айында әйелдер арасындағы командалық чемпионатты өткізу үшін ФИДЕ-нің Астананы таңдауы дәлел болады. Әйелдер арасындағы әлемдік шахмат форумы Қазақстанда табысты өтті, ал еліміздің жас әйелдер құрамасы әлемдік мамандардың құрметіне ие болды.