Елордада халықпен жаппай спорттық жаттығулар жасау акциясы басталады
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін елордада кешкі сағат 19:00-ден 20:00-ге дейін Оқушылар сарайы алдындағы алаңда «Өмір энергиясынан қуат ал!» атты акция аясында ағымдағы жылғы алғашқы бұқаралық жаттығу шарасы өтеді.
Алғаш рет өткен жылы елімізде қолға алынған аталған шараның танымалдығының артуына байланысты осы маусымда оның бағдарламасына көпқырлы жаттығу түрлері кіргізілген. Олардың еңбектеген баладан еңкейген қартқа да, мемлекеттік қызметкер мен кәсіпкерге де зор пайдасы бар.
Биыл жаттығу шарасы 14 қыркүйекке дейін әрбір жұма күні жоғарыда аталған алаңда кешкі сағат 19:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі.
Айта кетейік, өткен жылы бұл спорттық шараның жаздық маусымына 6500-ден астам елордалық қатысқан болатын.