Елордада «Хан шатырда - Хан дойбы» атты жарыс-акция өткізілді
АНА. 2 маусым. ҚазАқпарат - Елордалық «Астана» журналының ұйымдастыруымен 1 маусымда басылымның 10 жылдық мерейтойына және Балалар күніне орай,
«Хан шатыр» ойын-сауық орталығында Нұрсұлтан есімді оқушылардың арасында көне түркілік дойбы ойынынан «Хан шатырда - Хан дойбы» атты жарыс-акция өтті.
Жарысқа он екі Нұрсұлтан қатысты. Қырықтан астам Нұрсұлтан және ойын-сауық орталығына балаларын ерте келген қалың жұртшылық тамашалады. Дойбыға қатысқандардың барлығы осыдан бір жыл бұрын тағы да «Астана» журналының ұйымдастыруымен өткізілген «Хан қалада - Хан дойбы» жарысында ойынның ережесін үйренген болатын.
«Хан дойбысының ғажайыбы - оның кестесінде. Онда астрономиялық ілімнен бастап философия, экономика, ғылым, мәдениет, саясат, мемлекет құру жүйесі, дала демократиясы сияқты тағы басқа сан алуан сала бір тұғырда тоғысады. Керек десеңіз, он сегіз мың ғаламның тілін қазақтың сөзінде шешіп беруге негіз салады.
Баяғы бағзы заманнан бері хандардың, билердің, бектердің ел басқару, мемлекет құру ақылдарын сын тезіне түсіріп сынайтын ойын бұл. Хан дойбысы - жалпы он жылдан астам уақытта қазақтың руханиятын қадала бағып байқаумен, сан сараптап салыстырудан пайда болып, жетілген ойын.
Кестесі қазақтың ою-өрнектерімен нақышталған. Ал тақтадағы ортақ фигура - қазақтың киіз үйі. Киіз үйдің сыртындағы ою-өрнегінің, шаңырағының түсі арқылы олардың атақ-дәрежесін, нақтылай айтсақ ханы мен қарашасын, биі мен бегін анықтауға болады. Бұл - ақыл-парасаттың, ел басқарудағы парасаттылықты сынау ойыны. Сондықтан да оның төрелегі де әділ. Жеңгені ерулік алып, хан болып ел сұрайды, жеңілгені айыбына жұртының билігін береді. Таңғалдыратыны, жүрістің шарты бойынша жапонның түймелері, үндінің шахматы, қытайдың патшалық сайысы дойбыларындай қарсыласыңды империялық- қағанаттық жүйемен тұп-тұқиянымен құртуға жол берілмейді, қайта жеңілгенді мойындатып, ел болып қосылуға жол береді. Міне бұл, байырғы хандық жүйенің демократиялық қағидасы» - дейді ойынды жаңғыртушы азамат Әнуар Қабдолдаұлы.
Бір жарым сағатқа созылған тартысты ойынның нәтижесінде Хан дойбысын жете меңгерген үш жеңімпаз анықталды:
I орын игері - Нұрсұлтан Шибишев. Бас жүлде - теледидарды «Астана» журналының директор-Бас редакторы Мақсат Тәж-Мұрат тапсырды.
II орынның иегері Нұрсұлтан Капановқа «Түгел» баспасөз клубының президенті Әйгерім Түгел ұялы телефон сыйлады.
III орынды жеңіп алған Нұрсұлтан Жүнісовке «Кар-Тел» (Beeline ұялы байланыс операторы) ЖШС Астана және Ақмола облысындағы филиалының директоры Мұсағали Қалимұса USB-модем сыйлады.
Сондай-ақ тоғыз қатысушыға «Көркем өнер» театралды-өнер салонының директоры Қорлан Құсайынованың атынан кітаптар, Beeline компаниясының атынан брендті рюгзактар мен доптар табыс етілді.
Жарыс-акцияны «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы қолдап, Қуыршақтар театрының, Марат Омаровтың «Талант» орталығының, Астанадағы №2 Өнер мектебінің, №59 мектептің жас өнерпаздары өнер көрсетті.