Елордада Hilton Garden Inn Astana қонақ үйі ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Hilton Garden Inn қонақ үйлер желісі өзінің Қазақстанда тұңғыш қонақ үйінің ашылғанын жариялады, ол сондай-ақ Hilton Worldwide компаниясының еліміздегі бірінші қонақ үйіне айналды. Бұл туралы Hilton Worldwide компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Астана қаласының халықаралық әуежайынан 15 шақырым жерде, бас қаламыздың қақ ортасында орналасқан Hilton Garden Inn Astana қонақ үйінің меймандары одан «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығына, үкіметтік және мемлекеттік мекемелерге, іскерлік бизнес орталықтарына оңай әрі жылдам жете алады. Бес әмбебап конференц-зал мен тәулік бойы жұмыс істейтін бизнес-орталығын, барлық аумағында тегін Wi-Fi қамтыған бұл салтанатты қонақ үй өзінің заманауи футуристикалық сәулетімен жақсы танымал болған Астанаға келушілер үшін мінсіз қызмет көрсететін жайлы тұрақтау орны болмақ.
«Астананың әлемдік сахнадағы беделі оның өркендеп келе жатқан іскер қауымының, сондай-ақ өзіне жыл сайын 10 000 қатысушы келетін Астаналық экономикалық форумның өткізілуінің арқасында артып келеді. Біз сапалы қонақ үй қызметтеріне деген өсіп келе жатқан сұранысты ескере отырып, Hilton Garden Inn Astana қонақ үйін ашуға қуаныштымыз», - деді Hilton Worldwide компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка өңірі бойынша президенті Саймон Винсент.
Hilton Garden Inn қонақ үйінің басшысы Адриан Куррдыің айтуынша, қонақ үйде жайлы және қолайлы түрде тұрудың дүниежүзіне танымал стандарты ұсынылатын болады, меймандарға тегін қызмет көрсететін тәулік бойы жұмыс істейтін фитнес-орталығы қонақ үйде тұру кезде сергек спорттық күйде жүруге жағдай тудырады.