Елордада Холокост құрбандарын еске алуға арналған кеш өтті
Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының ең бір қаралы беттерінің бірі саналатын Холокост құрбандарын еске алуға арналған шараға ондаған мемлекеттің Қазақстандағы елшіліктері мен елдегі еврей қауымдастығының өкілдері, Холокост тақырыбына қалам тербеп жүрген шығармашылық адамдары шақырылған.
Шараға жиналғандар қиын кезеңде батыл шешімінің арқасында ондаған мың адамды соғыс өртінен құтқарып қалған португалиялық дипломат Аристидеш де Соуза Мендешті еске алып, тірі куәгерлердің естелігі бейнеленген деректі фильмді тамашалады.
Португалия дипломаты Францияның Бордо қаласында Бас консул болып тұрған кезінде, нақтырақ айтсақ 1940 жылдың 16-23 маусымы аралығында өз Үкіметінің нұсқауына қарамастан, соғыстан жан сауғалай қашқан 30 мыңнан астам еврей мен өзге де босқындарға шұғыл виза ашып берген. Сол әрекетінің арқасында 10 мыңдай еврейді Холокосттан құтқарып қалды деген деректер айтылады. Шарада сөз алғандар дипломаттың бұл ерлігі кейін ғана лайықты бағасын алғанын атап өтті.
Тарихи деректерге сенсек, Соуза Мендеш Үкімет нұсқауына бағынбай, дербес әрекет еткені үшін құқығы шектеліп, зейнетақысыз қалады. Ал оның әулеті Португалиядан өзге елдерге қоныс аударуға мәжбүр болады. Дипломатқа қойылған шектеулер тек 1988 жылы ғана ресми түрде алынады.
Еске алу кешін Израильдің Қазақстандағы елшісі Эдвин Ябо Глусман ашып, еврей халқының тарихындағы қасіретті кезеңнен бүкіл адамзат сабақ алу керектігін айтты.
«1940 жылы Аристидеш Соуза Мендеш Францияның Бордодағы Португалия консулы болды. Бордо Еуропа тарихындағы адамдардың ең үлкен көші-қон маршруттарының бірінде орналасқан. Консул адамдардың өмірін құтқару үшін Лиссабоннан келген нұсқауларды елемеуі керек болады. Сол шешімі үшін 15 бала бар өз отбасы кедейлікке ұшырайды. Бұл жайт кейін оны жүйке ауруына шалдықтырып, біраз уақытын төсекте өткізді. Бірақ, иманы мен ізгілікке деген құштарлығы оны жүйке ауруынан аман алып шықты. Артында «Мен адаммен бірге Құдайға қарсы тұрғаннан гөрі Құдаймен бірге адамға қарсы тұрғанды жөн көремін» деген сөзі қалды.
Аристидеш Соуза Мендештің туысы Қазақстанда Португалияның өкілі болғандықтан, біз бұл кешті соған арнағымыз келді. Фрейд өзінің бірнеше еңбегінде ұрпақтар арасындағы психикалық трансмиссия туралы жазды. Сондықтан, құрметті әріптесіміз Елші Мария де Фатима Мендеске оның отбасы мүшесінің әрекеті үшін және португалдық дипломат Аристидеш Соуза Мендешке деген терең құрметіміз бен таңданысымызды білдіруге және алғыс айтуға толық негіз бар», - деді Израиль елшісі.
Шара барысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш та сөз сөйлеп, қарапайым ғана консулдың сол бір тәуекелге толы әрекеті арқылы дипломаттардың миссияға адалдығы мыңдаған адамды құтқара алатынын көрсетіп кеткенін айтты.
Бір қызығы, сол Соуза Мендештің жақын туысқаны, бір әулеттен тараған дипломат Мария де Фатима Мендес – Португалияның Қазақстандағы елшісі. Шарада ол да сөз алып, Португалия бүгінде Холокостты еске алу жөніндегі халықаралық альянстың (IHRA) толық мүшесі екенін еске салды.
Еске алу кешіне келгендерге қарағандылық суретші Изя Смирновтың Холокост тақырыбына арналған суреттер топтамасынан көрме ұсынылды.
Израиль уақыт өте келе соғыс босқындарына жанашырлық танытқан Испания, Швейцария, Жапония, Түркия және Португалия дипломаттарының құрметіне «Әлемнің әділ дипломаттары» маркасын шығарған. Ол маркада Соуза Мендештің тұлғасы да бейнеленген. Шараны ұйымдастырушылар сондай марканы Португалияның Қазақстандағы елшісі Мария де Фатима Мендеске табыстады.
Шара соңында кештің мәртебелі меймандары Холокост құрбандарына арнап шырақ тұтату рәсіміне қатысты.