Елордада ІІІ Астана интернет форумы өтіп жатыр
Дәстүрлі форумның биылғы тақырыбы - Қазақстандағы ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздік мәселелері, ақпараттық қысым және жалған ақпараттандыру, әлеуметтік желілердегі діни-экстремистік идеология, интернет желісіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әлеуметтік-саяси және техникалық аспектілері. «Бүгін басталған Астана Интернет форумы осымен үшінші мәрте ұйымдастырылды. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, Еуразия ұлттық университеті мұрындық болып ІТ саласындағы қызметкерлердің басын қосып отыр. Негізгі мақсат - қазақ тілді интернет жасаушылардың, қазақ тілін пайдаланушылардың, жалпы, сайт жасаушылардың басын қосып, тәжірибе алмасу. Жалпы, қазіргі әлемді интернетсіз елестету қиын. Әсіресе, кез келген жастың қолында интернет бар. Сондықтан бүгінгі форум жастарымызға бағыт-бағдар береді деп ойлаймын», - дейді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли. Ал биылғы форумның тақырыбы - ақпараттық қауіпіздік тұрғысында. «Ақпараттық қауіпсіздік саласында неден ұтылып, неден ұтып жатырмыз деп біржақты айту қиын. Дегенмен, үш жыл бұрын ақпараттық қауіпсіздік туралы айтқан кезде, көбіне байбаламмен өмір сүретін едік, проблемаларды сөзбен көрсететінбіз. Ал басқа салаларға қарағанда, интернет саласындағы қыз-жігіттердің бір ерекшелігі - сөзден гөрі нақты іске қарай бейімделген»,- дейді Б.Уәли. Жалпы, кешке дейін жалғасатын форумда екі аудиторияға бөлінген мамандар «Ақпараттық кеңістік қауіпсіздігін қорғаудың саяси-әлеуметтік аспектілері» және «Ақпараттық кеңістік қауіпсіздігін қорғаудың техникалық аспектілері» деген тақырыптар бойынша шеберлік сыныптарын өткізеді.