Елордада Ikomek109 қызметі 10 млн шағымды қарады
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниал Айткенов елорданы цифрландыру бойынша іске асқан жобаларды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Астана қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімдерінің процестері автоматтандырылып жатыр.
«Білім басқармасы бойынша электронды түрде көрсетілмейтін немесе ішінара көрсетілетін қызметтері анықталды. Енді мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация мен тексеруді онлайн алуға болады. Тіршілікті қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында ikomek109 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді, ол тұрғындар мәселесінің 90%-ына дейін операциялық деңгейде қашықтан шешеді. Осы күнге дейін 10 миллион өтініш қаралғанын атап өткім келеді», - деді Д. Айткенов Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Қазіргі уақытта «Бірге» порталында өтініш берушілерге жұмыспен қамту басқармасы мен ведомстволық бағынысты ұйымдар өздері үшін де, қамқорлықтағы адам үшін де арнаулы әлеуметтік қызметтерге онлайн өтінім беру мүмкіндігі беріледі.
Оның аясында мынадай мемлекеттік қызметтер бар: арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге жолдама беру, реабилитация қажет адамға куәлік беру, табиғи апат немесе өрт салдарынан зардап шеккендерге ақшалай төлемдер түріндегі әлеуметтік көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету түріндегі әлеуметтік көмек, санаторий-курорттық емдеуге арналған шығындарды өтеу, санаторий-курорттық емдеу түріндегі әлеуметтік көмек, коммуналдық қызметтерді төлеу, тұрғын үйді ұстау, телефон үшін абоненттік төлем түріндегі әлеуметтік көмек.
Бизнес-процестерді және басқа да қалалық басқармаларды зерделеу бойынша да осындай жұмыс жүргізіледі.
«Нәтижесінде орталықтардың барлық функциялары онлайн форматқа ауыстырылды, орталықтар ішінде және басқару мен орталықтар арасында қағаз құжат айналымы алынып тасталды. Ақпарат алмасу процестері цифрландырылды. Жұмыспен қамту басқармасы мен ведомстволық бағынысты ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл жүйеде жүргізіледі және процестердің маршруттарында белгіленеді. Қажетті оңалту орталығын көрсетіп, арнаулы әлеуметтік қызметтер алуға өтінім беру мүмкіндігі қосылды. Деректер тұрақты түрде өзектендіріледі», - деді «Astana Innovations» өкілі.