Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елордада iKOMEK109 орталығы 18 млн тұрғынның өтінішін өңдеді

АСТАНА. KAZINFORM — 2018 жылдан бері бірыңғай iKOMEK109 байланыс орталығы Астана тұрғындары мен қонақтарынан түскен 18 миллион өтінішті қабылдап, өңдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордада iKOMEK109 орталығы 18 млн тұрғынның өтінішін өңдеді
Фото: Астана әкімдігі

Бүгінде орталық қаланы басқару жүйесінің негізгі буындарының біріне айналып, мемлекеттік органдардың, коммуналдық қызметтердің, аудан әкімдіктері мен жедел қызметтердің жұмысын үйлестіреді.

— 2026 жылдың басынан бері iKOMEK109 орталығына 1,5 миллионнан астам өтініш түскен. Тұрғындар көбіне кеңес алу үшін жүгінеді. Негізгі мәселелер қатарында денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, электрмен қамту, коммуналдық қызметтер және қалалық инфрақұрылым бар, — делінген хабарламада.

2026 жылдың қаңтарында байланыс орталығы Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының мамандары әзірлеген жеке ақпараттық жүйе — iKOMEK 2.0 платформасына толықтай көшті. Жаңа жүйе өтініштермен жұмыс істеудің барлық кезеңін қамтиды, өтініштердің орындалу мерзімін бақылауға, қайталанатын өтініштерді анықтауға және нақты уақыт режимінде талдау жүргізуге мүмкіндік береді.

Бүгінде iKOMEK109 дәстүрлі байланыс орталығынан қаланы заманауи ахуалдық басқару жүйесіне қарай дамып келеді. Тұрғындардың өтініштерін талдау, цифрлық сервистер мен жасанды интеллект технологиялары жүйелі мәселелерді жедел анықтауға, ықтимал тәуекелдерді алдын ала болжауға және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Астанада 350 үлескер көптен күткен пәтерлеріне қоныстанғанын жазғанбыз.