Елордада «IntelHouse.EcoCity-2013» көрме-конференциясы ұйымдастырылады

Аstana.kz сайтының жазуынша, іс-шара аясында келушілердің назарына құрылысқа, қауіпсіздік жүйесіне, жарықтандыруды, климатты басқару жүйесіне арналған озық жүйелер мен технологиялар, энергия үнемдегіш технологиялар, ғимаратты басқарудың зияткерлік жүйелерінің жаңа технологиялық шешімдері ұсынылады.
Конференция жұмысына жаңа технологияларды жасау және енгізудегі әлемдік көшбасшылар қатысады, онда үйлерді жобалау және салу саласындағы әлемдік тәжірибемен, жаңартылатын энергия көздерімен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртумен танысып, көзбен көру мүмкіндігі туады.
Бұдан басқа, көрме аясында өтетін конференцияға қатысушылар құрылыс пен кез-келген мақсатта салынып жатқан нысандарды жарақтаудың жаңа технологияларымен танысады. Айта кетейік, іс-шара барысында мамандар «жасыл» құрылысқа, балама және жаңартылатын энергия көздері мен энергия үнемдегіш технологияларға қатысты мәселелерді қарастырады.
Еске салайық, «IntelHouse.EcoCity-2013» көрме-конференциясы 20-22 қарашада «Көрме» орталығында өтеді.