Елордада инвесторлар есебінен бірнеше балабақша салынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астаналық балаларды түрлі әдіс-тәсілдермен тәрбиелеудің күн тәртібі әзірленді. Бұл туралы Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл көпқабатты тұрғын үйлер кешендерінің бірінші қабатында орналасқан балабақшалар жанынан қосымша 500 орын ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты 25 мектепке дейінгі ұйымда 200 инклюзивті орын ашпақпыз. Сонымен қатар, инвесторлардың есебінен 570 орынға 3 типтік балабақша салу жоспары бар», - деді Қасымхан Сенғазыев елорда мәслихатының отырысында.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, тәрбие-білім жоспары икемделеді.

«Балаларды түрлі әдіс-тәсілдермен тәрбиелеудің күн тәртібі әзірленді. Оның ішінде ойын арқылы үйрету, педагог пен баланың өзара тіл табысуы, шығармашылыққа баулу секілді әдістер қолданылады. Жекеменшік балабақшаларды аттестациялау бойынша мәселелер бар. Оның шешімі ретінде кейбір жекеменшік балабақшаларды мемлекеттік балабақшаның кураторлығына беріп жатырмыз. Бұл жерде педагогтер методикалық жағынан көмек көрсетеді», - дейді ол.

Бұған дейін елордада 23 746 бала балабақша кезегінде тұрғаны және күн сайын балабақша кезегіне 90-100 өтініш берілетінін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар