Елордада инженерлік желілер тартпай тұрғын үй салатын компаниялар қара тізімге енеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада инженерлік желілер тартпай тұрғын үй салатын компаниялар қара тізімге енеді. Бұл жайында Астана қаласының әкімдігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы жылдың қаңтар айынан бастап инженерлік желілердің қатысуынсыз және бас жоспармен келісусіз құрылысқа жаңа рұқсаттар берілмейді. Сонымен қатар, егер кез-келген құрылыс компаниясы осы шарттардың толық жиынтығынсыз құрылысты жалғастыра берсе, құрылыс алаңдарындағы жұмыстар толығымен тоқтатылып, компания қара тізімге енеді», - деді әкімдік агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.
Бұған дейін хабарлағанымыздай елордада бұзуды талап ететін 206 үй, оның ішінде 18 апатты жатақхана бар. Бұзуға жататын Астана қаласының апатты үйлерінің тізбесі туралы ақпарат әкімдіктің ресми сайтында жарияланған.