Елордада ірі көлемдегі есірткімен ер адам ұсталды

Елорданың патрульдік полиция қызметкерлері кезекшілік кезінде Қарағанды тасжолының бойындағы ағаштардың арасынан белгісіз ер адамды байқаған.
«Күдікті маңайын ұялы телефон камерасына түсіріп жүрген. Полицейлер оны тоқтатып, орманда қандай мақсатпен жүргенін сұрағанда, зират басынан келе жатқанын айтқан. Бірақ, ер адамның қатты қобалжып тұрғаны күдік тудырған. Тексере келе полиция қызметкерлері ағаш түбінен мұқият қапталған синтетикалық есірткі тауып алды. Пакетте «Мефедрон» және «Альфа-РVР» синтетикалық есірткісінің бары анықталды. Алынған препараттың жалпы салмағы 1,25 келіден асады», - делінген хабарламада.
Полицияның хабарлауынша, есірткіні елордаға жеткізген 27 жасар Алматы қаласының тұрғыны болып шықты.
«Күдікті есірткіні Нұр-Сұлтан қаласының аумағында сатпақ болған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. 6 мыңнан астам бір реттік дозаның құны «қара» нарықта 25 млн теңгені құрайды. Жыл басынан бері елорда аумағында заңсыз айналымнан 30 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді», - дейді ведомстводан.
Осы орайда полиция департаменті синтетикалық есірткінің адам ағзасына тигізетін және тәуелділікке әкелетін зияны туралы ескертеді.
«Препарат ми мен жұлынның функцияларына кері әсер етіп, қозғалыс процестері, есте сақтау, эмоцияларды қалыптастыру сезімін бұзады. Сондай-ақ, иммундық және репродуктивті жүйелердің жасушаларына теріс ықпал етіп, интеллект бұзылады», - деген ескерту жасалды.
«Есірткі қылмысымен күресте есірткіні сату, жарнамалау және елорда арқылы өткізу фактілерін анықтауға баса назар аударылуда. Біз 2022-2025 жылдарға арналған «Нұр-Сұлтан - есірткісіз қала» жаңа бағдарламасын әзірледік, онда есірткіге қарсы іс - қимылды күшейту бойынша бірқатар іс-шара көзделген», - дейді қалалық полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Марат Төлебаев.
Осыған дейін Қазақстанда 8 есірткі зертханасы жойылғанын хабарлағанбыз.