Елордада ішкі істер қызметкерлері ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетті

АСТАНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 22 толуына орай елордадағы ІІД-нің Алматы аудандық ішкі істер басқармасында салтанатты шара өтті.

Елордада ішкі істер қызметкерлері ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетті

Шара Әбдіғаппар Ділманов пен Жанайдар Жирентаевтың ескерткіш мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Бұдан кейін басқарманың жеке құрамы, мектеп оқушылары мен Ауғанстандағы соғыс ардагерлерінің кездесуі болды.

Қалалық ІІД өз қатарындағы жауынгер-интернационалистерді назардан тыс қалдырған емес. Қазіргі уақытта мұнда ауған соғысына қатысқан 10 ардагер және 9 ішкі істер қызметкері бар. Оларға жыл сайын құрмет көрсетіліп, ақшалай сыйлықтар табысталады. Бүгінгі мерейтойда да олар сыйлықтармен марапатталды.

Бұл соғысқа Қазақстаннан 22 мың азамат қатысып, оның 924-і опат болып, 1015 жауынгер мүгедек болып қалды және 21 адам хабарсыз кетті.