Елордада іскерлік аудандар жобасы іске асырылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада іскерлік аудандар жобасы іске асырылмақ. Бұл туралы «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС қалалық көлік тобының бас маманы Ақмарал Темірова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада іскерлік аудандар жобасы іске асырылмақ

«Біз көлік-ауыстырып отырғызу тораптарын құруды ұсынамыз. Оларды радиалды бағыттардың қиылысында ұсынып отырмыз. Мәселен, мұндай көлік-ауыстырып отырғызу торабын жаңа мешіт ауданында құруға болар еді. Оларды «іскерлік аудандар жобасы» деп те атауға болады. Мұндай тораптар тек көлік инфрақұрылымын, яғни паркингті, терминалдарды, ЛРТ; БРТ стансаларын ғана емес, сонымен бірге сауда ойын-сауық кешендерін, бизнес орталықтарды, сауда залдарын қамтиды», - деді ол «Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарының» жаңа жобасы бойынша қоғамдық талқылау аясында ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, мұндай көлік тораптары қалаға үлкен кіреберістердің бәрінде құрылады.

«Айталық, егер адам Қосшыдан келе жатса, аталған торапқа көлігін қалдырып, қоғамдық көлікке ауысып мініп, қалаға барады. Мұндай тораптар қаланың барлық радиалды кіреберістеріндегі барлық қиылыстарда салынады. Яғни, Қосшы, Қорғалжың тас жолы, Қостанай, Көкшетау, Қарағанды бағыттарында болады», - деді Ақмарал Темірова.


Астана Бас жоспары өкілінің атап өтуінше, осылайша аталған көлік-ауыстырып отырғызу тораптары қаламаңы аймағының барлық көлік жүктемесін өзіне жинайды.

«Жоспардың есепті кезеңі – 2035 жыл. Дегенмен, біз 2050 жылға дейін қамтып отырмыз. Өйткені 2050 жылға қарай айтарлықтай жүктеме болады және халық саны артады. Көше-жол желісіне жүктемені азайту, қаладағы автомобильдер санын төмендету үшін сырттан келетін жеке көліктерді барынша қысқартуымыз қажет», - деді ол.

Жобалау институтының жетекші сәулетшісі Азамат Ошахметов мұндай іскерлік аудандар қаланың 6 жерінде салынатындығын нақтылай түсті.

«6 жерде іскерлік аудандар салынады. Мәселен, қазіргі уақытта Павлодар мен Қостанайдан күніне шамамен 100 мың адам жүріп өтеді. Қала орталығына осы жүктемені болдырмау үшін аталған жобаны ұсынып отырмыз. Ол жерде бизнес орталықтары, паркинг, қонақ үйлер, супермаркеттер, сауда ойын-сауық орталықтары, тіпті келушілерге ыңғайлы болуы үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен салық органдары да болады», - деді ол.

Айта кетерлігі, бұл жоба әлі келісу сатысында қаралып жатыр.