Елордада ИЫҰ-ның Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті өтеді
Бұл жайында бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Палатаның жалпы отырысында «Ислам конференциясы ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасын таныстырған еліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Ислам елдерінде капиталдан басқа озық технологиялар да бар.
«Мұнай экспорттаушы елдер қазіргі кезде аталған шикізаттың экпортына негізделген даму моделін өзгертуге тырысуда. Олар ақпараттық-коммуникациялық технологияларға сүйенетін экономиканың озық секторларын қаржыландыру арқылы экономикалық жаңғырту саясатын жүргізуде», - деді ол.
Бұл ретте министр Қазақстан сарапшылар тарту, бірлескен зерттеулер жүргізу және білім беру стипендияларын алу арқылы тәжірибе және техникалық мүмкіндіктермен алмаса алатындығын баса айтты.
«2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің жабылуы күндері Ислам ынтымақтастығы ұйымы мемлекеттері басшыларының қатысуымен Ұйымның Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитін өткізу жоспарланып отырғанын атап өткен жөн», - деді Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, 1977 жылдан бастап Ислам конференциясы ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісім мүше елдердің экономикалық ынтымақтастығын регламенттейтін Ұйымның басты негіздемелік құжаты саналады. Келісімге қосылу мұсылман елдерімен тығыз әріптестік қатынастарды дамытуға қарқын береді, ислам қаржы және экономика институттарымен ынтымақтастықты жандандырады.
Жалпы отырыс барысында «Ислам конференциясы ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына бірауыздан дауыс беріліп, қабылданды.