Елордада іздеуде жүрген 3 қылмыскер ұсталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер 26-28 тамыз аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын-алу іс-шарасын өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараның мақсаты - құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көшелерде және елорданың басқа да қоғамдық орындарында тиісті құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында өткізілуде.
Профилактикалық іс-шараның бір күндік қорытындысы бойынша, елорда полицейлері 40-қа жуық қылмысты ашып, іздеуде жүрген 3 қылмыскерді ұстады. 1100-ден астам әкімшілік құқық бұзу фактілері анықталды. Оның ішінде алкоголь ішіп, қоғамдық орындарға масаң күйінде жүрген 270 адам, тiркеусiз немесе құжатсыз жүріп-тұрған 340-тан астам адам, сонымен қатар 77 ұсақ бұзақылық анықталды.
«Құқықтық тәртіп» іс-шарасы аясында патруль полициясының қызметкерлері бұрын сотты болған Ақмола облысының тұрғынын ұстады. Анықталғандай, күдікті «Toyota» автокөлігінен жеке мүлікті ұрлауға әрекет жасаған. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.