Елордада «KADEX-2014» көрмесі ашылды

АСТАНА.ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «KADEX-2014» III халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылу рәсімі аясында әуе-шоу бағдарламасы келушілер назарына ұсынылды. 

Елордада «KADEX-2014» көрмесі ашылды

Оны ҚР Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбеков, ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, ҚР Қорғаныс министрі Серік Ахметов және көрмеге қатысуға келген шетелдік делегация өкілдері тамашалады. 

Әуе-шоу бағдарламасында Қазақстанның Әуе қорғанысы күштері жауынгерлік авиациясының ұшу тобы бірнеше ұшу қойылымын жұртшылық назарына ұсынды. Олар әуеге ең жоғарғы пилотаждық фигураларды Миг, Су ұшақтарымен орындады. Аталған ұшақтарды ҚР Қарулы Күштері әскери әуе күштерінің «Алатау» және «Жетісу» пилотаждық топтарының ұшқыштары басқарды.
Сонымен қатар Қазақстан Қарулы күштері қатарындағы техникалар да көрсетіліп, арнайы содырлар тобын жоюдағы қазақстандық әскери қызметшілердің ұйымдасқан іс-қимылы көрсетілді.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылғы 27 елінің қорғаныс саласындағы 300-ден астам кәсіпорны өз өнімдерін ұсынатын болады. 80-нен астам қазақстандық кәсіпорындар өз өнімдерін келушілер назарына ұсынады. Көрмеге 54 ресми делегация қатысады.

Көрме аясындағы ашық алаңдар мен жабық полигондарда ғылымның, оның ішінде әскери ғылымның, қарулану саласындағы техникалық шешімдердің, әскери мақсаттағы жаңа өнімдердің соңғы жетістіктері көрсетілетін болады.