Елордада «Қалалық дельфий ойындары» өтті
АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - Елордада кеше Астананың 15 жылдық мерейтойына орайластырылған «Қалалық дельфий ойындары - Астана 2013» табысты аяқталды.
«Бірінші орын үшін жүздеген жас студент жігіттер мен қыздар күні бойы сайысты. Ойын 10.00-де басталып, одан кейін қатысушыларға жеребе тасталды. Байқау екі жерде: Мектеп оқушылар сарайында, сол ғимараттағы концерт залында өтті», - деп хабарлайды astana.kz сайты.
Биылғы жылы қалалық ойындарда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро университеті, Астананың Гуманитарлық және политехникалық колледждер студенттері, №65, 64, 53, 15 орта мектеп және №1 лицей оқушылары, ҚазҰӨУ университеті мен колледж студенттері өнер көрсетті.
Ойындар екі жас ерекшелігінде: кіші топ - 10-15 жас, ересек топ - 16-21 жас аралығында өтті.
Байқауға қатысушылар 11 аталымда сайысты. Олар: «фортепьяно», «скрипка», «баян, аккордеон», «домбыра», «қобыз», «дәстүрлі әншілік», «эстрада әні», «академиялық ән», «ұлттық би», «қазіргі заманғы би», «бейнелеу өнері» және «фотография». «Академиялық ән» аталымына қатысушылар екі бөлек жас ерекшелігі бойынша: кіші (16-20) және ересек (20-21) жас аралығында ұйымдастырылды.
Дельфий ойындары - классикадан бастап қазіргі жанрдағы барлық өнер түрлерін біріктіретін жарыс түрінің бірі. Бұл әлемнің түрлі мәдениеті мен талантты адамдарының басын қосып, өздерін-өздері дамытуға ширықтыруға мүмкіндік беретін ең беделді іс-шара болып саналады.