Елордада қанша үйге газ тартылған
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2024 жылға қарай елорда тұрғындары көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфуһар Жолдасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында комитет төрағасы 2024 жылға дейін Нұр-Сұлтан қаласын 100 пайыз газдандыру жоспарланып отырғандығын атап өтті. Оның дерегінше, қазіргі уақытта елордада 30 мың жеке тұрғын үйдің 14 мыңына газ қолжетімді болса, шамамен 4 мың үйге газ келіп тұр. Қаланы газдандырудың кешенді жоспары да бекітілген.
«Меніңше, жеке тұрғын үй секторын газға көшірудегі айтарлықтай проблема шешілетін болады», - деді ол.
Зұлфуһар Жолдасовтың дерегінше, қаладағы екі жылу электр стансасының су жылытаны қазандықтары газға көшірілген.бұл шығарындыларды жылына 20 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ол Алматының экологиясын жақсарту үшін қаладағы жылу электр стансасының 2025 жылдың соңына дейін газға көшіру жоспарланып отырғандығын атап өтті. Станса жаңғыртылғаннан кейін шығарындылар көлемі 37 мыңнан 6 мыңтоннаға дейін азаяды.