Елордада қар аралас жаңбыр жауып, найзағай ойнайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаменті ертең елордада ауа райы күрт құбылатынын хабарлады.

Елордада қар аралас жаңбыр жауып, найзағай ойнайды

Қазгидрометтің мәліметінше, 30 сәуірде күндіз қар аралас жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Көктайғақ болып, бұршақ түсуі мүмкін. Солтүстік-батыстан жел соғып, оның жылдамдығы 15-20 м/с-ке жетуі ықтимал. Ауа температурасы күндіз 0-2 градусқа дейін төмендейді.

Осыған байланысты ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарының назарына мынадай нұсқаулықтар ұсынды:

- мұқият болыңыз, ауа райының өзгеруі туралы ақпаратты және жарияланған шектеулерді жіті қадағалаңыз;

- көшеде бағандардан, ағаштардан, жарнамалардан, ЭЖЖ және сымдардан алыс жүруге тырысыңыз;

- құрылыс объектілері халықты және аумақты қолайсыз ауа райы жағдайларының салдарынан қорғау туралы қосымша шаралар қабылдасын. Мүмкіндігінше құрылыс объектілеріндегі құрылыс-монтаж жұмыстарының қызметін шектесін;

- автокөлігіңізді гаражға қойыңыз, гараж болмаған жағдайда ағаштардан және ескі құрылыстардан алыс қойыңыз;

- пәтер мен үйлерде барлық терезелерді нық жабыңыз;

- үй-жайларда терезеден алшақ тұрып, электр құралдарды қолданбауға тырысыңыз;

- автокөлік құралын басқарып келе жатсаңыз, оны тоқтатуға тырысып, тұраққа қойыңыз. Ауа райы салдарынан жол бағытын көру нашарлап, найзағай жарқылы жүргізуші көзіне шағылысады, осының салдарынан жол-көлік оқиғасы болуы мүмкін;

- найзағай кезінде су қоймаларында суға шомылуға, балық аулауға болмайды.

Сондай-ақ, төтенше жағдай туындаған жағдайда «112» нөміріне қоңырау шалуға болады.