Елордада карантин режимін бұзған 11 мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада 11 мекеме карантин режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Елордада карантин режимін бұзған 11 мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Қаланың мониторинг топтары бірнеше ай бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Олар күн сайын қаладағы 100-ден астам кәсіпкерлік нысаны арасында карантин талаптарын бұзғандарды анықтайды.

5 тамызда мониторинг топтары 11 мекемені әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Алматы ауданында «Пражечка» гриль бары, «Rezident spa» спа орталығы және «Comeback» ойын клубы карантин режимін бұза отырып жұмыс істеді.

Дәл осындай бұзушылықтар Байқоңыр ауданындағы «Fakir» дәмханасы мен «Правый» лаундж барында да болды.

Сарыарқа ауданында «Көктал парк» дәмханасы «Cofee Boom» 2 кофеханасы мониторинг топтарының тексерісінен өткен жоқ. Мекемелерде карантин және бетперде режимі сақталмаған.

Есіл ауданының «Мята Lounge» қызметін көрсету орнында, «Alif» кафесінде және «Chechil Pub» барында жұмыс режимін бұзу, жазғы орындардың жұмыс істеуі, келушілер мен әкімшіліктің маска режимін бұзуы, сондай-ақ әлеуметтік қашықтың сақталмауы анықталды.

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдау үшін санитария-эпидемиология бақылауы саласындағы уәкілетті органға берілді.