Елордада «Қару-2009» операциясы барысында заңсыз сақталған 23 қару тәркіленді
АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордада қазанның 5-і мен 11-і аралығында жүргізілген «Қару-2009» операциясы барысында ішкі істер органдарында тіркелмей, заңсыз сақталған 23 қару тәркіленді.
Бұл туралы бүгін Астана қалалық ІІД-де өткен баспасөз мәслихатында аталған мекеменің тіл саясаты және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Астана қаласының аумағында қылмысты болдырмау және алдын алу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға ішкі істер департаментінің барлық қызметкерлері жұмылдырылған. Азаматтарда заңсыз сақталған қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді тәркілеу, сондай-ақ қару-жарақты пайдалану салдарынан орын алған қылмыстарды әшкерлеу мақсатында елордалық полиция қызметкерлері бір апта бойына күшейтілген режімде қызмет атқарған.
«Астана қалалық ІІД-нің лицензиялық рұқсат беру жүйесі мен учаскелік инспекторлардың бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде азаматтардың 8277 жеке қарулары тексеріліп, оның 199-ның қару сақтау ережесін және қайта тіркету мерзімін бұзғандығы анықталды», дейді Н.Ораз.