Елордада кәсіпкерлік субъектілердің құқықтарын бұзу фактілеріне әлі де жол беріліп отыр - Прокуратура

АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елорда прокуратура органдары 2011 жылдың 1-жартыжылдығында кәсіпкерлік субъектілердің құқықтарын қорғауға бағытталған заңнаманы сақтау тұрғысында 18 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 67 заң бұзушылық анықтады.

Елордада кәсіпкерлік субъектілердің құқықтарын бұзу фактілеріне әлі де жол беріліп отыр - Прокуратура

Қадағалау актілері бойынша әкімшілік жауапкершілікке 20 лауазымды адам, тәртіптік жауапкершілікке 25 адам тартылды, мемлекет кірісіне 450 мың теңге өндірілді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Өкінішке қарай, қабылданып жатқан шараларға, сонымен қатар заңнамалық деңгейдегі өзгерістерге қарамастан, кәсіпкерлік субъектілердің құқықтарын бұзу фактілеріне әлі де жол берілуде. Мысалы, Астана қаласы Сарыарқа ауданының ІІБ учаскелік инспекторлары тарапынан кәсіпкерлерді заңсыз тексерудің 5 дерегі анықталды. Астана қаласының жеке кәсіпкерінің «ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөндірістік кешендегі Мемлекеттік инспекция комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясы» мекемесі қызметкерлерінің заңсыз іс-қимылдары туралы интернет-порталдағы хабарлама бойынша тексеру нәтижесінде тексеру нысанына кірмейтін мәліметтерді тексергені үшін 2 мемлекеттік ветеринарлық инспекторға қатысты ҚР-ның әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 153-бабының 1-бөлігі (тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Осы ведомстводағы тексеру кезінде ветеринарлық-санитарлық қорытындыны алу және ауыл шаруашылық техникасына жыл сайынғы мемлекеттік техникалық қарау жүргізуге байланысты кәсіпкерлерге олардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға кедергі жасау фактілерін анықтады», делінген прокуратура таратқан баспасөз айғағында.

Бұдан бөлек, тексеру қорытындысы бойынша инспекцияның 8 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауаптылыққа тартылса, 2 бөлім бастығына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» жасалған. Ал Есіл ауданы прокуратурасының Астана қаласы бойынша Мемлекеттік санитарлық-эпидемиялық қадағалау комитетінің департаментіне жүргізген тексеруі барысында жекелеген әкімшілік құқық бұзушылық фактілері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жағдай туғызуға жол бергендігі анықталды. «Кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілеріне жол бермеу мақсатында, Астана қаласының прокуратурасында 2009 жылдан бастап мобильдік топ құрылып, әрекет жасауда. «Бизнес тірегі» жобасы аясында мобильдік топтың мүмкіншіліктері кеңейтілді (www.pravstat.kz сайтында кәсіпкерлерге арналған тексерулер туралы ақпарат берілген, сонымен қатар SMS- хабарлама арқылы 1012 нөміріне жүгіну мүмкіндігі көзделген). Бұдан басқа, қала прокуратурасында сенім телефоны әрекет етеді (71-24-36), ол да ведомстволық сайтта орналасқан», делінген бас прокуратура баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.