Елордада кәсіптік білім беретін кейбір колледждерді біріктіру жоспарланып отыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мақсатында бәсекеге қабілетті, жаңаша ойлайтын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының көшбасшылары үшін кадрлық резерв қалыптастырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда елордада техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі бойынша 35 колледж бар, оның 23-і жеке меншік. Онда 77 мамандық пен 122 біліктілік бойынша оқытылады. Студенттердің жалпы саны - 25 643, олардың 13 687-сі - мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқиды.
Қазіргі уақытта қалалық ТжКБ-ның сәтті дамуына басқару жүйесіндегі менеджменттің нашарлығы, көпсалалы колледждердің басымдығы, кәсіби диагностиканың тапшылығы мен бітірушілердің сұранысқа ие мамандықтарды таңдауға бағдарлаудың болмауы, сондай-ақ материалдық-техникалық базаның төмендігі кедергі келтіреді. Елорданың білім басқармасында аталмыш мәселені шешу үшін көшбасшылық қабілеттерімен ерекшеленетін және ТжКБ жүйесін дамыту бойынша тың идеясы бар көшбасшылардың кадрлық резервін құру ұсынылды. Кадрлық резервке қатысушылар техникалық және кәсіптік білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі.
Сонымен қатар, профильдеу аясында кейбір колледждерді біріктіру жоспарланған.
«Экономика салаларында кадрларды даярлауды жүйелеу үшін колледжде профильдеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты үш колледждің (энергетика және байланыс колледжі, құрылыс және техникалық колледж, политехникалық колледж), сондай-ақ тағы екеуінің (экономика, технология және тамақ өнімдерін өндіруді стандарттау колледжі, көпсалалы колледж) бірігуі WSK стандарттарына сәйкес кадрлар даярлауға және халықаралық алаңдарда нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деді елордалық білім департаментінің ТжКБ бөлімінің бастығы Салтанат Басыгараева.