Елордада «Қауіпсіз қала» жобасы таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Huawei компаниясы бүгін елордада ақпараттық қауіпсіздік пен жайлылықты арттыру саласындағы бірқатар инновациялық шешімді таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордада «Қауіпсіз қала» жобасы таныстырылды

Мегаполис үшін барынша қызықты әрті өзекті жобалардың бірі «Қауіпсіз қала»  деп аталады. Huawei компаниясының сарапшысы Сергей Шатохиннің айтуынша, бұл жүйе бірнеше компоненттен тұрады.

«Атап айтқанда, бұл диспетчерлерде бар сымсыз және сымды байланыс құралы. Ол картадан барлық адамдарды, шолғыншы көлігін және басқа нысандарды көруге мүмкіндік береді. Кез келген камерадан видеоны еш кедергісіз алып, оны терминалдары арқылы жібере де алады. Видеобақылау - бұл жүйенің шағын бөліктерінің бірі ғана. Мәселен, қоңырау басқару орталығына ұялы желіден немесе басқа телефоннан түссе де оператордың алдында адамның қай жерден хабарласып тұрғаны көрінеді», - деді ол.

Сарапшының атап өтуінше, сол арқылы оператор нысанаға жақын жерде қандай күштердің, құралдың, қажетті секторда қандай бақылау камерасының бар  екендігін біліп отырады.

«Содан кейін ол видеоны шолғыншыға жіберіп, оның терминалында карта пайда болады және қай бағытта жүру керектігін бірден түсінеді. Оператор мен шолғыншы арасында аталған жүйе аясында дауыс және видео байланысы болады», - деді Шатохин.

Осы ретте ол аталған жүйенің құны қаншалықты болатындығын айта алмады. Дегенмен, оның Қытайдың, Сауд Арабиясы мен Пәкістанның көптеген қалаларында жұмыс істеп тұрғандығын атап өтті.