Елордада қайырымдылық мақсатта мұсылмандық жәрмеңке өтіп жатыр
АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін елордада ұлттық дәстүр нақышында қайырымдылық мақсатта мұсылмандық жәрмеңке өтіп жатыр.
Атап айтқанда жәрмеңке Астана мен Ақмола облысы бойынша тәрбиеленіп жатқан оқушылардың пайдасына ұйымдастырылып отыр. Онда тұрмыстық заттар, ыдыс-аяқ, сыртқы киім, балаларға арналған заттар, ұлттық сувенирлер, мұсылман ер-әйелдерге арналған киімдер мен мұсылмандық бұйымдар ұсынылады. Сонымен қатар халал тағамдар мен мал еті, көкөністер, ұлттық тағамдар жәрмеңке сөрелеріне қойылмақ. Ұлттық дәстүрлі ойындар, сондай-ақ ересектер мен балалар үшін басқа да сайыстар өткізіледі. Жәрмеңке Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылғандықтан киіз үй тігіліп, көпшілікке наурыз көже ұсынылады. Ұйымдастырушы «Ақмола» қайырымдылық қорының мәліметіне қарағанда, жәрмеңкедегі тауарлардың бағасы әдеттегі құнынан әлдеқайда төмен болмақ.
Аталған шара «Ajar center» сауда орталығында ұйымдастырылып отыр.