Елордада «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 20 жыл толу құрметіне арналған конференция өтіп жатыр
АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Президенттік мәдениет орталығында Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстан тілдерінің XI фестивалінің аясында тұңғыш тіл туралы заңның қабылданғанына және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 20 жыл толу құрметіне арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Конференцияның ашылу рәсімінде Тіл комитетінің төрағасы Ербол Шаймерденов, «қыркүйектің 22-сі - еліміздің тарихындағы ерекше айтулы күн. Осыдан 20 жыл бұрын сол кездегі ел парламентінде халқымыз үшін маңызы зор мемлекеттік тіл мәселесі қаралды. Тұңғыш рет қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Сөйтіп қазақ тілі әлемдегі 100 тіл қатарында мемлекеттік мәртебе алды», деді.
Бүгінгі жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ұлттық-мәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың, «Қазақ тілі» қоғамының аймақтық басшылары, БАҚ өкілдері қатысуда.