Елордада Қазақстан әйелдері коалициясы құрылды
СТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада Қазақстан әйелдері коалициясы құрылды.
Осыған орай ҚазАқпарат агенттігінің баспасөз орталығында өткен мәслихатта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова 2010 жылдың басы Қазақстан үшін ерекше кең ауқымды, мазмұнды оқиғалармен толы болғандығын атап өтті. Оның ең бастысы - Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі екендігін баса айтты. «Біздің елдің ТМД, Азия және бүкіл әлемдегі түркітілдес қауымдастығының ішінен алғашқы болып, сонау Атлантикадан Тынық мұхитына дейін жайғасқан 56 алып мемлекеттің басын біріктіріп отырған беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуі - әрине, барлық қазақстандықтар үшін мақтаныш және үлкен жауапкершілік», деді министр.
Оның айтуынша, бұл халықаралық қауымдастықтың Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың саяси бағытын мойындап қабылдауы. «Елбасының биылғы жылғы қаңтардың 29-ындағы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы «Қандай қоғам орнатып жатырмыз? Бірнеше жылдан кейін Қазақстанның әлемдегі орны қандай болады?» деген әрбір қазақстандық азаматты мазалайтын сұрақтарға жауап береді», деді ол.
«Көп біріксе - ел болар, көп тілегі көл болар» деген қазақта мақал бар, ел тұтас бір мақсатқа біріккенде алынбайтын қамал болған емес», деген Г.Әбдіқалықова қазақстандық қоғамның демократиялануын әрмен қарай жетілдіру, әйелдердің құқығы мен қызығушылықтарын жан-жақты қорғау мен тиімді қолдау және халықаралық қарым-қатынастарды кеңейту мақсатында Қазақстан әйелдері коалициясы құрылып отырғандығын айтты.
Сонымен, Қазақстандағы Коалицияның құрылуына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықова, ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары А.Ғалымова, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі М.Жарбосынова, Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының президенті Р.Сәрсембаева, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті А.Соловьева, Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағының төрайымы М.Қазбекова ханымдар мұрындық болды.
Коалицияға мүше болу әйелдердің барлық коммерциялық емес ұйымдары, бизнес өкілдері, әйел саясаткерлер үшін ашық болмақ.