Елордада «Қазақстан - ЕҚЫҰ: тарихтың көшбасшылық кезеңі» атты кітап көрмесі ашылды
АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазақстан - ЕҚЫҰ: тарихтың көшбасшылық кезеңі» атты кітап көрмесінің ашылу рәсімі өтті.
Аталған тақырыппен ұйымдастырылған көрмеге қойылған кітаптар мемлекеттің нығаюы, халықтың біртұтастығының сақталуы, жаңарудың үдемелі стратегиясының жүзеге асуы, қазіргі нарықтық экономиканың құрылуы нәтижесіндегі қазақстандық даму жолдары туралы баяндайды. Ал бұл нәтижелер еліміздің дамыған әлем елдерімен тығыз байланыс орнатумен қатар ТМД елдерінің арасынан алғаш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасау мүмкіндігін беріп отыр.
«Бұл көрме Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына арналған. Еліміздің осынау беделді ұйымға басшылық жасауы - демократиялық даму мәселелері мен адам құқығын қорғауда біздің республикамыздың қол жеткізген табыстарының мойындалуы. Қазақстан беделді ұйымға төрағалық ете отырып, бірқатар қызықты бастамаларға ұйытқы болды және орын алып жатқан қақтығыстарды шешуге де зор үлесін қосты», - дейді Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымының кандидаты Бүркіт Аяған.
Көрме «Қазақстан ЕҚЫҰ-да: сабақтастық пен жаңару», «Қазақстан ядролық қарусыз әлемде», «Жаһандану кезеңіндегі экономика», «Экологиялық қауіпсіздік: адам мен табиғаттың үйлесімдігі», «Адам - елдің негізгі байлығы» деген 5 бөлімнен тұрады. Сондай-ақ залда орнатылған компьютерден Қазақстан, оның әлемдегі саяси үрдістегі рөлі және ЕҚЫҰ-ға мүше елдер туралы мол мағлұмат алуға мүмкіндік бар.