Елордада Қазақстан халқы достығының 11-ші қалалық фестивалі өтеді
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Сәуірдің 24-26-сы күндері аралығында елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған Қазақстан халқы достығының 11-ші қалалық фестивалі өтеді.
Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Астана қалалық хатшылығының меңгерушісі Әміржан Әлпейісов БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.
Оның айтуынша, осымен 11-ші рет өткізілгелі отырған мәдени іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының Астана хатшылығы мен қалалық мәдениет басқармасының қолдауымен жүзеге аспақ.
Жалпы елордада 27 мәдени орталық болатын болса, олардың барлығына да Астана қаласының мәдениет басқармасы өзінің көмегін көрсетіп, жұмысын жүргізуге мол мүмкіншіліктер жасап отырғандығын атап өткен Ә.Әлпейісовтің айтуынша, бұл фестиваль екінші дүниежүзілік соғыстың 65 жылдық мерейтойына арналады. Сондықтан да мәдени іс-шараның атауын «Сол бір жылдарға тағзым етеміз» деп алып отыр.
Үш күнге созылатын фестивальдің алғашқы екі күнінде елордадағы барлық мәдени орталықтар өз өнерлерін ортаға салады. Ал үшінші күні оның қорытындысы шығарылып, жақсы өнер көрсеткен мәдени орталықтардың өнер ұжымдары түрлі сыйлықтармен марапатталып, кеш соңы ғала-концертке ұласпақ.