Елордада «Қазақстан хоккейі» журналының тұсауы кесілді
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы «Қазақстан» спорт сарайында «Қазақстан хоккейі» журналының тұсауы кесілді.
Бұл хоккей туралы егжей-тегжейлі жазылған республикадағы алғашқы басылым.
Журналдың таныстырылымы барысында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген бас редактор Максим Карташов Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы Жолдауында спортқа баса назар аударғандығын және 30%-ға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы қажеттігін атап өткендігін тілге тиек етті.
«Біз алғашқылардың бірі болып Елбасының бастамасын қолға алып, осы журналды жарыққа шығарып отырмыз. Онда хоккей жанкүйлерлеріне осы сан қырлы спорт түрінің барлық жаңалықтарымен таныстырмақ оймыз бар. Сондай-ақ осы басылым арқылы жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын оятып, оның барлық балалар үшін қолжетімділігін қамтамасыз етпекпіз», деді ол.
Журналдан еліміздің жетекші хоккейшілерімен арадағы сұхбаттарды, олардың өміріне қатысты материалдар топтамаларын, спорт жаңалықтарын оқуға болады.
«Журналдың өзіндік құны 1000 теңге шамасында. Алайда біз қарапайым оқырманға да қолжетімді болуын ойластырып, бағасын 300 теңгеден сатылымға шығарып отырмыз. Бастапқы таралымы 2000 дана. Болашақта оны 5000 данаға дейін жеткізу жоспарымызда бар», дейді журналдың бас редакторы М.Карташев.
Сондай-ақ басылымның жарық көруіне мемлекеттік органдардың да қолдау көрсететіне үміттеніп отырған бас редактор жылына 8 мәрте орыс тілінде жарық көретін журналдың болашақта қазақ тіліндегі нөмірі де оқырман назарына ұсынылуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды.