Елордада қазақстандық кремний негізінде күн батареяларын шығаратын болашақ зауыт іргетасына капсула салынды
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының төрағасы Владимир Школьник пен Франция Республикасының Атом энергетикасы және балама энергия көздері жөніндегі комиссариатының басшысы Бернард Биго қазақстандық кремний негізінде күн батареяларын шығаратын болашақ зауыт іргетасына капсула салды.
Аталған жоба құрылысы Елбасы Н.Назарбаевтың 2010 жылдың қазанында Францияға іссапары аясында қол қойылған Қазақстан мен Франция арасындағы индустриалды-инновациялық әріптестік жөніндегі стратегиялық келісімшартқа сәйкес жүзеге асырылып отырғандығын атап өткен В.Школьник: «Келесі жылдың соңында бұл зауыт жұмысын бастауы керек. Бұл алаңда жаңаратын энергия көздерін зерделеу бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу халықаралық орталығы құрылады. Оның жұмысына Қазақстан ғалымдары, Назарбаев Университетінің жастары мен ғалымдары, сонымен қатар «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қызметкерлері тартылады», - деді.
Жоба операторы - «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Astana Solar» ЖШС-і. Зауыт құрылысы аяқталғаннан кейін Astana Solar күн батареяларын шығаруды қолға алады. Кәсіпорын шығарған фотоэлектрикалық пластинкалардың жобалық қуаты 60 Мвт, болашақта бұл көрсеткішті 100 Мвт-қа дейін арттыру көзделген. Құрылыс жұмыстары келесі жылдың желтоқсан айында толығымен аяқталып, зауыт 2013 жылдың 1 тоқсанында өндірістік қуатына шығады деп жоспарланған. Жобаның жалпы құны шамамен 34 млрд. теңгені құрайды.