Елордада қазақтан шыққан даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған еске алу кеші өтті
СТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Конгресс-Холл сарайында қазақтан шыққан даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған еске алу кеші өтті.
Мәдени кештің шымылдығын ашқан ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Мекемтес Мырзахметұлы «соғыс басталған кезде біздің қазақ халқының ұлттық санасы жаншылған, ұлттық санасынан айырылуға тақаған, өзінің ұлты туралы мақтана алмайтын болатын. Бірақ Баукеңнің ерлігінен кейін бүкіл қазақ серпіліп, ұлттық идеяның оянуы да сол кезден басталды. Бұл - тарихи шындық. Екіншіден, халықтың тарихи жады деген болады. Тарихи жады өшірілген ол мәңгі құл, оны басқару оңай. Біз тарихи жадымыздан айырылып барып, пұшпағын ұстап қалған елміз. Міне сол тарихи жадтың оянуына өзінің еңбектерімен, ерлігімен үлкен жол салған Бауыржан Момышұлы болатын», деп атап өтті.
Қалың оқырманның Б.Момышұлының 2 томдығын ғана білетіндігін тілге тиек еткен ғалымның айтуынша, қазіргі уақытта оның шығармалар жинағының 30 томдығы әзірлену үстінде. Сондай-ақ оған қоса Баукеңнің замандастары жазған естеліктер мен батырға жолданған арнау өлеңдері енгізілген 10 томдық шығармалар жарық көрмек.
Ғалымның соңын ала сахна төріне көтерілген Б.Момышұлының келіні жазушы Зейнеп Ахметова өзінің «Атаның академиясынан» тәлім-тәрбие алғандығын айта келіп, қазақтың батыр ұлының 60 жасқа толған кезде жазған бір шумақ өлеңін оқыды:
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар қалың қазақ мен өлгенде.
Сексен мен жүздігімді ұрпақ атар,
Тарихтың түпкірінен сөз келгенде».
«Атаның 80 жылдығында Кремльдің темір құрсаулы сандығында жатқан алтын жұлдызды Мемлекет басшымыз жұлып әкеп, қазақ деген халықтың кеудесіне таққан болатын. Сонда халқымыз әділеттік қашан орнайды, батырымыз атағын қашан алады деген арман-тілегі орындалып, еңбек Елбасымыздікі болды. Бұл - тарихи шындық. Енді, міне, 100 жылдық мерейтойы да үлкен белеспен астарласып келіп отыр. Еліміз халықаралық үлкен беделді ұйымға төрағалық етіп жатыр. алда Жеңістің 65 жылдығы. Бұл Жеңіс бізге оңайлықпен келмеген. Соғыстың зардабын тартпаған, соғыстың өрті шалмаған Қазақстанда бірде-бір отбасы болмаған екен. Сондықтан қазіргі кезде арамызда жүрген қадау-қадау ардагерлерімізді ардақтайық. Өйткені бұлар бізге тәбәрік», деді өз сөзінде.
ҚР Мәдениет министрлігі Тілдерді дамыту комитетінің ұйымдастыруымен өткен еске алу кеші концерттік бағдарламамен жалғасты.