Елордада қазіргі бессайыстан Азия чемпионаты басталады
АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - 26 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Астана қаласында алғаш рет қазіргі бессайыстан Азия чемпионаты өтеді.
«Жарысқа тоғыз мемлекеттен спортшылар қатысады. Осы спорт түрін алдағы уақытта дамыту жоспарларымыз бар. Атап айтқанда, елордадағы Азия чемпионаты осы бағытты дамытуға өзінің үлесін қосатынына сенімдіміз», - деді бүгінгі баспасөз мәслихаты барысында ҚР Спорт және дене шынықтыру iстерi агенттiгi төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов.
Айта кетейік, чемпионат аясында елордада Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Қазақстан, Үндістан, Австралия, Қытайлық Тайпей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген спортшылар тартысқа түседі.
Қазіргі бессайыс бес спорт түрі бір кешенде үйлестірілген. Онда семсерлесу, жүзу, конкур, жүгіру және ату сайыстары қамтылған.
Ұлттық құрамадағы ел намысын қорғайтын ер спортшылардың арасында Павел Ильяшенко, Рустем Сабирхузин мен Андрей Солдатов бар, ал қыздар арасында Ксения Александрова, Дарья Хальзова және Юлия Колегова тартысқа түседі.