13:07, 23 Қаңтар 2009 | GMT +5
Елордада кеден қызметінің даму жобасына арналған семинар өтіп жатыр
АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінде Қазақстан Республикасы кеден қызметінің даму жобасына арналған семинар өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Семинар жұмысына ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Даленов, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Сергей Шаталов, экономика және бюджеттік жоспарлау, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникация, индустрия және сауда министрліктерінің, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі және Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің өкілдері қатысты. Осы іс-шараға бизнес-қоғамдастықтар тарапынан Кәсіпкерлердің жалпыұлттық одағының және «Атамекен», Қазақстанның кәсіпкерлер форумының және сауда-өнеркәсіп палатасы жұмыс берушілерінің өкілдері белсенді атсалысуда.
ҚР кеден қызметінің даму жобасының мақсаты кіріс жинағының көбеюі, кеден операцияларының ашықтығын арттыру және сыбайлас жемқорлық үшін мүмкіндіктерді төмендетудің көрсеткіші болатын кедендік әкімшіліктендіруді реформалау болып табылады. Бұл мемлекеттің инвестициялық ахуалының және бәсекеге қабілеттілігінің күшюіне мүмкіндік туғызады. Жалпы құны 62 миллион доллар құрайтын жобаның 43,5 миллионын ҚР Үкіметі және 18,5 миллионын Дүниежүзілік банк бөлмек.
«Осылайша, жоба аясында Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру, кеден рәсімдерінің ашық өткізілуін қамтамасыз етуде әлемдік стандарттар мен талаптарға сәйкес кеден қызметінің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі кешенді шаралар жүзеге асырылмақ», - деп атап өтті Р.Даленов.
Семинар барысында жобаның, оның мақсаты мен міндеттерінің, күтілетін нәтижелер жайлы жан-жақты хабардар етілді. Сондай-ақ, жобаны басқару мәселелері, соның ішінде Қадағалаушы комитетті және оның құрылымын құру, жобаны жүзеге асыру тобының құрылымы, жобаны жүзеге асыру бойынша жоспар мәселелері талқыланды.
Жоба үшін қажетті тауарлар мен қызметтер конкурс негізінде Дүниежүзілік банктің және ҚР заңнамаларының талаптарына сәйкес сатып алынады. Жоба Дүниежүзілік банктің техникалық қатысуымен Дүниежүзілік кеден ұйымының ұсынысына сәйкес дайындалды. Бұл ынтымақтастықтың стратегиялық басымдығы ? осы ұйымдардың көп мемлекеттердің кеден қызметтерін түрлендіру бойынша кең көлемді бағдарламаларды дайындау және оларға басшылық ету саласындағы озық тәжірибесінің, сондай-ақ қолдаудың ұзақ мерзімді сипатта болуында.
Жобаның жүзеге асырылуы үстіміздегі жылдың ақпан айында басталып, 2012 жылы аяқталады.