Елордада кеміргіштермен күрес бақылауға алынды

АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астана қаласы әкімінің сайтына соңғы кездері сол жағалаудың тұрғындарынан қоңыздар мен көбелектердің қаптап кетуіне алаңдаушылық білдіріп, шара қолдануды сұрайтын хаттар жиілеп кетті.

Елордада кеміргіштермен күрес бақылауға алынды

Осыған орай, Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі бірқатар шаралардың атқарылуын хабарлайды.

«Мысалы, «Сулы-жасыл бульвар» тұрғын үй кешенінің тұрғындары фитосанитарлық жағдайға баға беруді және олардың кіреберістеріне жайғасқан жәндіктерден қаншалықты қауіптену қажет екенін сұраған. Олардың сұрауы бойынша «Фитосанитарлық диагностика және болжамдар республикалық әдістеме орталығы» ММ Целиноград аудандық филиалының директоры Ержан Ибраевқа жүгінген едік. Оның айтуынша, тек «Есіл» ауданы ғана емес, елорданың барлық үш ауданының фитосанитарлық жағдайы қалыпты. Негізінен, шалғындық ұсақ көбелектің шабуылынан қаланың саябақтары, «Астана орманы» МКК санитарлық қорғау аймағы, «Астана Көгалдандыру» АҚ питомниктері зардап шегеді. Зардап шеккен жалпы аудан 4000 га, бірақ олардың ауданы әлі де өсуі мүмкін», - делінген баспасөз айғағында.

«Фитосанитария» РМК жүргізген жұмыстарды есептеу бойынша 1 гектар аймақты өңдеу үшін 4680,6 теңге қажет, яғни барлық аумақты өңдеуге 18,8 млн. теңге қаражат қажет болады. Тамыз айының басында шалғындық ұсақ көбелек құрттарын жою үшін аумаққа химиялық өңдеу жасау жоспарланып отыр.

Барылдақ қоңыздар биылғы жаздың тағы бір проблемасына айналып отыр.

«Бірақ елорда тұрғындары мен қала қонақтарына барылдақ қоңыз шабуылына байланысты алаңдаудың қажеті жоқ, себебі ол адам, жануар, өсімдіктің өміріне қауіпті емес. Керісінше, қоңыз зиянкестермен, құрттармен қоректеніп, адамға пайда әкеледі. Барылдақ қоңыздар көптеген зиянкестердің санын реттеп отырады. Мұндай түрлер ежелден зиянкестермен күрес үшін қолданылып келген, олар пайдалы болғандықтан, бұл қоңыздармен күреске қаражат бөлінген жоқ. Елорда тұрғындары, шаруашылық субъектілері мен ғимарат иелері барылдауық қоңызбен өздері, өз қаражатына күресе алады. Алайда өз денсаулығына зиян келтірмеу үшін осы жәндікпен күресте дезинфекция, дезинспекция жұмыстарына лицензиясы бар ұйымдарды шақыртқан жөн. Өйткені елді мекендер аумағында тек рұқсат етілген инсектицид препараттарын қолданып, пестицидтерді қолдану ережесін қатаң сақтау қажет», - деді Е. Ибраев.

Оның айтуынша, тұрғындарға 317-139 телефоны бойынша «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің департаменті» мекемесіне немесе қаладағы дезинфекция, дератизация жұмыстарымен айналысатын мекемелерге тікелей хабарласу қажет. Мұндай ұйымдардың толық тізімімен және олардың байланыс телефондары жөнінде ақпаратпен gorses-astana.kz ҚР ДСМ МСЭҚКД сайтынан «Астана қаласында дезинсекция және дератизация жұмыстарын өткізетін профдезұйымдар» бөлімінен танысуға болады.