Елордада кеміргіштермен күрес жұмыстары қай кезде жүргізілетіні хабарланды
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің бас қаласында 2025 жылы кеміргіштермен күрес екі маусымда – көктем мен күзде жүргізіледі. Сәуір айында дератизация жұмыстары басталады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Санитарлық нормаларға сәйкес 2025 жылы дератизация жұмыстарын екі маусымда (көктем және күз) жүргізу жоспарланып отыр. Жабық станциялар 21 сәуірден 18 мамырға дейін, ал ашық станциялар 20 сәуірден 1 маусымға дейін жұмыс істейді.
Жеке сектор (тұрғын аумақтар) және ашық аумақтар (саябақтар, өзендер, су қоймалары, каналдар, зираттар) өңдеуге жатады. Іс-шара кезінде тұрғындарға арнайы уландырғыштар тегін таратылып, қауіпсіздік техникасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Дератизация Қазақстанда қолдануға рұқсат етілген уландырғыштарды пайдалана отырып жүзеге асырылады. Мұндай шаралар кеміргіштердің санын азайтып, аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау үшін қажет.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылғанын хабарлаған едік.