Елордада кең ауқымды қалалық сенбіліктер өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласын абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту бойынша жұмыстарды уақытылы үйлестіру мақсатында 29 сәуір мен 13 мамыр күндері елордада «Біз таза қала үшін!» жалпықалалық сенбіліктерді өткізу жоспарланған, деп хабарлайды елорданың баспасөз қызметі.
Оның аясында 29 сәуір мен 13 мамыр күндері елордада «Біз таза қала үшін!» атты ұранмен жалпықалалық сенбіліктерді өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, елорда әкімінің тапсырмасы бойынша экологиялық айлықты және жалпықалалық сенбілікті өткізу бойынша штаб құрылып, оның құрамына қала әкімінің орынбасарлары және қалалық басқармалар мен қызметтердің басшылары енді.
Экологиялық айлық өтетін кезеңде білім мен денсаулық сақтау мекемелеріне бекітілген аумақтарды жүйелі түрде тазарту, көгалдандыру ұйымдастырылады. Сондай-ақ, су нысандарының мұнай өнімдерімен, тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен ластануын болдырмау мақсатында аталған нысандарды тұрақты бақылауға алу көзделген.
Экологиялық айлық барысында жеке тұрғын үй орамдарында тұрмыстық қалдықтарды орталықтандырылған жинау жұмыстары қамтамасыз етіледі, қоғамдық көліктің санитарлық жағдайы тексеріледі.
Аудандар әкімдерінің аппараттары, қалалық басқармалар, коммуналдық кәсіпорындар бұл жұмыстарға 100 мыңнан аса адамды, 4 452 мемлекеттік мекемені тартуды жоспарлап отыр. Экологиялық айлыққа қатысатын мекемелердің арасында кәсіпорындар, денсаулық сақтау нысандары, орта мектептер, ЖОО, құрылыс ұйымдары, шағын және орта бизнес нысандары бар. Сонымен бірге, 425 дана арнайы техника мен 15 мыңнан аса құрал пайдаланылады.
Сенбілік барысында қаланың аумағын санитарлық тазарту, ағаш көшеттерін отырғызу, аулаларды және орамішілік аумақтарды абаттандыру, шағын архитектуралық формаларды орнату, тротуарларды кеңейту жоспарланған.