Елордада кейбір азық-түліктердің және қызмет түрлерінің бағасы өзгерді
АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2013 жылғы қарашада Астана қаласында кейбір азық-түліктердің және қызметтер бағасы өзгерді. Бұл туралы Статистика департаментіне сілтеме жасап astana.kz хабарлады.
Бұл ретте қант 6,3%, өсімдік майы 0,4% арзандады. Сонымен қатар, жұмыртқа 12,6%, жемістер мен көкөністер 8,2%, балық пен теңіз өнімдері 1,5%, тұздалмаған сары май 1,2%, тауық еті 0,7%, сүт өнімдері 0,6%, темекі өнімдері 0,4%, нан, ет 0,3%, макарон өнімдерінің бағасы 0,2% өсті.
Сүт тағамдарынан, қымыз 4,5%, сүзбе 1,7%, пастерленген сүт 0,4%, наннан жоғары сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан 1,4%, қара бидай және қара бидай, бидай ұнынан пісірілген нан 0,9% қымбаттады. Көкөністер тобында қияр 20,2%, қызанақ 17,9%, қызылша 16,3%, картоп 14,4%, басты пияз 11,8%, сәбіз 10,5 % ақ қауданды қырықкабат 7,8% артты.
Қатты отын 0,7%, киім және аяқ киім, фармацевтикалық өнім 0,2% қымбаттады, бензин бағасы 0,2% өсті.
«Қысқы мерзімге өтуге байланысты ыстық су тарифі 25,0% артты, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарының қызметі 0,6%, денсаулық сақтау 0,2% қымбаттады», - делінген astana.kz сайтының хабарламасында.