Елордада кейбір қоғамдық орындар карантиндік шараларды сақтамай отыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада кейбір қоғамдық орындар карантиндік шараларды сақтамай отыр. Оған қала әкімдігі арнайы мониторинг тобының Нұр-Сұлтандағы қоғамдық тамақтану орындарына жүргізген мониторинг барысында көз жеткіздік, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Арнайы мониторинг тобы құрамында БАҚ өкілдері де аралаған нысандардың бірі Есілдің сол жағалауында орналасқан Мәскеу бизнес орталығындағы қоғамдық тамақтану орны болды.
«Кірген уақытта тамақтану орны қызметкерлерінің маскасыз жүргендігін, келушілердің дене қызуын өлшемейтіндігін анықтадық. Бұған қоса, келушілерге кальян ұсынды екен. Үстелдердің арасындағы ара қашықтық та сақталмаған. Тексеру қорытындысында 4 адамға айып салдық. Жалпы, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қалалық бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантин уақытында елордадағы көңіл көтеру орындарында кальян шешуге тыйым салынған. Себебі, елімізде коронавирус инфекциясының тіркелуі, таралуы орын алып отыр. Бұған қоса кальян арқылы індеті жұқтырып алу тәуекелі өте жоғары болып тұр», - деді Есіл аудандық тауар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасының басшысы Арман Құрбанов.

Оның айтуынша, карантин режимі басталғаннан бері қала аумағында арнайы мониторинг топтары қоғамдық нысандарға күнделікті мониторинг жүргізіп жатыр.
«Жеке адамдармен қатар мониторинг тобы анықтаған қоғамдық орындарға санитарлық-эпидемиологиялық орган тарапынан да айыппұл салынады. Айыппұл көлемі «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы« кодексінің 462-бабы 3-тармағына сәйкес 100-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі соманы құрайды. Мониторингілеу жұмыстары карантин шаралары алынып тасталғанға дейін жалғасады», - деді ол.


Арнайы мониторинг тобы Алматы ауданына кіретін Қошқарбаев көшесі бойында орналасқан лаундж барға да бас сұққан еді. Бұл жерде де БАҚ өкілдері карантин талаптарының өрескел бұзылғандығына, келушілердің емін-еркін кальян тартқанына куә болды. Мониторинг тобы құрамындағы полиция қызметкерлері карантин талаптарын бұзушыларға, сонымен қатар лаундж бар әкімшісіне әкімшілік хаттама толтырды.



