Елордада кезектен тыс Президент сайлауындағы ақпараттық дауларды қарау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті

АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Орталық сайлау комиссиясында 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауындағы ақпараттық дауларды қарау жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

  Елордада кезектен тыс Президент сайлауындағы ақпараттық дауларды қарау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Отырыс барысында қоғамдық кеңес өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға қатысты мәселелерді талқылады. Қоғамдық кеңестің төрайымы, орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің айтуынша, мониторинг жұмыстары 53 баспасөз басылымы мен 11 республикалық телевизиялық арналарды, 6 ақпарат агенттігі мен 11 қоғамға танымал интернет-ресурстарды қамтиды. «Наурыздың 3-і мен 16-сы аралығында басылымдарда Президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков туралы 110 материал, Мелс Елеусізов туралы 101 материал, Ғани Қасымов туралы 96 материал, Нұрсұлтан Назарбаев туралы 129 материал жарияланды. Сондай -ақ осы мерзімде республикалық телевизиялық арналарда Жамбыл Ахметбеков туралы 148, Мелс Елеусізов туралы 163, Ғани Қасымов туралы 161, Нұрсұлтан Назарбаев туралы 108 материал жарияланды. Республикалық телевизияда жарық көрген материалдардың 51 пайызы «Хабар» мен «Қазақстан» арналарында жарияланды»,-деді қоғамдық кеңес төрайымы.

Оның мәліметтерінше, Президентікке кандидат Жамбыл Ахметбековке қатысты сюжеттер республикалық арналардың жаңалықтар блогынан Президенттікке кандидаттардың қызметін насихаттауға бөлінген уақыттың 24 пайызын, Мелс Елеусізовке қатысты сюжеттер 27 пайызын, Ғани Қасымовқа қатысты сюжеттер 28 пайызын ал Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты сюжеттер 21 пайызды құрады. «Мониторинг жұмыстары барысында Президентікке кандидаттардың кәсіби қызметіне де қатысты материалдарға да есеп жүргізіледі. Мемлекет басшысы сайлау науқанына қарамастан өзінің негізгі міндетін атқаруы керек. Сол себепті оның қызметінің ақпарат құралдарында көбірек көрініс табуы түсінікті де»,-деді Л.Сүлеймен.