Елордада қызылша дертіне қатысты жағдай әлі де күрделі
Астанада балалар, жасөспірімдер және ересектер арасында қызылшаға қарсы вакцина алу және одан емдеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Қалада қызылшаның таралуы тоқтамай тұр. Күн сайын 45-ке жуық жағдай тіркеледі. Бүгінгі таңда қызылшаның 3 328 жаңа жағдайы тіркелді. Оның ішінде 1 087 жағдай расталған диагноз және оның 71 пайызы (769 жағдай) 14 жасқа дейінгі балалар арасында, 11 пайызы (117 жағдай) жасөспірімдер және 18 пайыз ересектер арасында анықталды», - дейді қаланың бас санитары Сарқыт Бейсенова Астана қалалық орталық коммуникациялар қызмет алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, науқастар арасында әсіресе вакцина алмаған балалардың үлесі әлі де жоғары болып, 67 пайызды құрап отыр.
«Қызылша ауруына шалдыққандардың ішінде 42 пайызы немесе 326 вирус жұқтырған бала вакцина алудан бас тартқан. 28 пайызы (214) – медициналық қарсы көрсетілімі бойынша, 20 пайызы (149) егу жасына жетпеген және 5 пайызы ата-аналардың немқұрайлылығынан екпе алмай отыр», - дейді маман.
Брифингте айтылғандай, қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация жалғасуда. 12-15 айлық аралығындағы сәбилер санынан қызылшаға қарсы жоспарлы екпемен 92,3 пайыз (22780 бала) және 6-7 жастағы балалар арасында 92,6 пайыз (22700 бала) қамтылды.