Елордада қоғамдық көліктердің жолақысы 90 теңгеге дейін көтеріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін астаналық мәслихатта қоғамдық көліктегі жолақы тарифінің артуы мүмкіндігі туралы сауал талқыға түсті, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Елордада қоғамдық көліктердің жолақысы 90 теңгеге дейін  көтеріледі

Әкімдіктің ақпаратына қарағанда, соңғы 6 жылда жанар-жағармай 2 есеге өсіп, автокөлікке техникалық қызмет көрсету құны қымбаттағанда, жолақы тарифі бір деңгейде тұрақты ұсталған. Осылайша қазіргі таңда тасымалдаушылар шығындарын өтей алмауда және зиян шегуде.

«Осы мәселені шешу үшін арнайы комиссия құрылды. Барлық қажетті үдерістер мен есептер жүргізілді. Нәтижесінде қаладағы қоғамдық көлікте жол жүру құны ересектерге 90 теңге және балаларға 40 теңге ретінде белгіленді»,- деді Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының төрағасы Рашид Аманжолов.

Басқарма басшысы тарифтың артуы мәжбүрлі шара екенін баса айтты. Алайда бұл өзгерістің қоғамдық көлікте жүруге жеңілдігі бар азаматтарға еш қатысы жоқ. Жолаушылар көлігі саласының қазіргі жағдайына тоқтала отырып, ведомство басшысы: «Қазіргі уақытта жолаушылар тасымалын 50 қалалық маршрутта 8 компания атқаруда. Онда барлығы 890 бірлік автобус шоғырланған. Желіге жаңа автобустар шығару қажеттігі де туындап отыр. Олар қазіргі кезде бақыланған 180 бірлік шамасындағы қажеттілікті өтемек. Сонымен қатар қазір «Электронды билет» жаңа жүйесін енгізу жобасы әзірленуде», - деді.