Елордада қоғамның спортқа қызғушылығы артып келеді
Дәстүр бойынша, «Алау» мұз айдынында бұқаралық коньки тебу демалыс және мереке күндері өткізіледі. Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл және Наурыз мерекелері кезіндегі ұзақ демалыс күндері коньки тебу марафонға ұласады. 2015 жылдың 2-11 қаңтар аралығында да мұз айдынына жаппай келу байқалған. Үстіміздегі жылдың алғашқы күндері айдынға келгендер көп болды. 2 қаңтарда коньки тебуге 4800 адам келсе, 3 қаңтарда келушілер саны 5 мыңнан асты. Инфрақұрылымды кеңейтудің арқасында «Алау» мұз айдыны көп адамға оңай қызмет көрсете алады. Қысқы спорт түрлерінің кеңінен таралуына байланысты қолжетімділік бағдарламасын кеңейту үшін мұз айдынының әкімшілігі бұқаралық коньки тебуге арналған күндер санын арттыруды қарастырып отыр. Еске сала кетейік, «Алау» мұз айдынындағы бұқаралық коньки тебу әлеуметтік жоба болып табылады. Бес жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, І және ІІ топтағы мүгедектер үшін кіру тегін. Жұма күндері студенттерге жеңілдіктер жасалады. Таңертең балалар екі сағатқа 250 теңге, ересектер 500 теңге төлейді.