Елордада көлік кешенінің келешегі талқыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігінің қолдауымен елордада алғаш рет «Астана қаласы көлік кешенінің даму үрдісі» атты конференция өтті. Халықаралық қоғамдық көлік одағымен бірлесіп өткізген алқалы жиында Астананың қарқынды дамып келе жатқан көлік жүйесінің бағыттары талқыланды. Бұл туралы «Астана ақшамы» газеті жазады.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҢҒЫРТАТЫН 50 НЫСАН
Бұл конференция - заманауи қалалардың көлік кешендерімен танысуға, тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді бірге талқылауға арналған ерекше мүмкіндік. Екі күнге жалғасқан айтулы іс-шараның ресми бөлімін Астана әкімі Әсет Исекешев, Халықаралық қоғамдық көлік одағының Бас хатшысы Алан Флауш және ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Берік Қамалиев ашты.
Бүгінде елорданың көлік жүйесінде 952 көше бар. Ал жолдардың жалпы ұзындығы 950 шақырымнан асады. Астанада көлік жүйесін дамыту мен жаңғырту барысында басымдық ең алдымен жаяу жүргіншілерге, велосипедпен жүргендерге және қоғамдық көліктерге беріледі.
Мінберге бірінші болып көтерілген қала басшысы Әсет Исекешев Астананың көлік кешенін дамыту мен жаңғырту бағытында атқарылған жұмыстарды сөз етті.
- Қала қарқынды өркендеп жатыр. Халық саны да артып, Астана мегаполиске айналды. Сәйкесінше, көліктердің де саны көбейді. Бұл жол-көлік қозғалысына айтарлықтай салмақ түсіретіні анық. Бүгінде елорданың көлік жүйесінде 952 көше бар. Ал жолдардың жалпы ұзындығы 950 шақырымнан асады. Астанада көлік жүйесін дамыту мен жаңғырту барысында басымдық ең алдымен жаяу жүргіншілерге, велосипедпен жүргендерге және қоғамдық көліктерге беріледі. Одан кейін барып жеке көліктер қарастырылады. Бұл бастамаларға көлікпен жүретін астаналықтар тарапынан келіспеушілік тууы мүмкін. Алайда мұның бәрі алдымен қоғамдық игілік ретінде қолға алынып жатыр. Келесі жылы қоғамдық кеңістіктің 50 аймағы құрылысы жобасын бастауды жоспарлап отырмыз. Соның аясында 17 гүлбақ, парк және өзен жағалауларында жаяу адамдар мен велосипедшілер үшін арнайы аймақтар ашылады. Елордада жол желісін дамыту өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан
25 жол мен 6 көпірдің және 19 көлік жолайрығы мен өтпежолдардың құрылысы жоспарлануда. Жалпы инфрақұрылымды жаңғырту үшін 50 нысан қамтылады. Қазір осы жобалардың қаржыландыру жағы қарастырылуда, - деді елорда әкімі.
ЖЕҢІЛ РЕЛЬСТІ КӨЛІК ЖҮЙЕСІ ТӘУЛІГІНЕ 150 МЫҢ АДАМ ТАСЫМАЛДАЙДЫ
Астананың ажарын айшықтайтын, көлік жүйесін едәуір жетілдіре түсетін маңызды жобалардың бірі - LRT жеңіл рельсті көлік. Осы жобаның жай-жапсарына тоқталған қала басшысы Әсет Исекешев жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде LRT қашықтығы 22,4 шақырымды құрайтынын айтты.
Бұл жол «ЭКСПО» қалашығы, Назарбаев университеті, «Абу Даби плаза», Министрлік үйі және жаңа теміржол вокзалының араларын жалғайды. Жүйе жабық түрде жабдықталатын 18 стансаны қамтиды. Жоба іске қосылса, тәулігіне 150 мың адам тасымалдайтын болады. Мұнда жолаушылардың қауіпсіздігі де ескеріледі.
Сондай-ақ, жүйеге эстакадалық жол, 19 жылжымалы құрам және бір депо кіреді. Жылжымалы құрамдар тұтастай автоматтандырылған болады және жолақысын электронды төлеу жүйесімен, дабылқаққышпен, ақпараттандыру, видеобақылау жүйелерімен жабдықталады.
Аталмыш көлік түрінің Астананың ауа райына толықтай бейімделуі де қарастырылған.
LRT қашықтығы 22,4 шақырымды құрайды. Бұл жол «ЭКСПО» қалашығы, Назарбаев университеті, «Абу Даби плаза», Министрлік үйі және жаңа теміржол вокзалының араларын жалғайды. Жүйе жабық түрде жабдықталатын 18 стансаны қамтиды. Жоба іске қосылса, тәулігіне 150 мың адам тасымалдайтын болады.
Жеңіл рельсті көлік жүйесі елорданың беделін көтеріп, танымалдылығын арттыруға, қала тұрғындары мен қонақтарын жайлы әрі жылдам тасымалдауға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жол жүру уақытын қысқартып, үнемдеуге әсер етеді. Сонымен қатар, бұл жүйе жол-көлік қозғалысына кері ықпалын тигізбейді.
АСТАНАНЫҢ АВТОБУСТАРЫ ТҮГЕЛ ЖАҢАРАДЫ
Астана әкімі Әсет Исекешев шаһардағы көлік құралдарының саны мен сапасын да тілге тиек етті.
- Қазір астаналықтардың тек үштен бір бөлігі ғана қоғамдық көлікпен жүреді. Бұл көрсеткішті жақсарту үшін автобус парктерін жаңғыртуды ойластырудамыз. Қазіргі таңда қалада 1 140 автобус бар. Оның үштен бір бөлігі - заманауи «IVECO» автобустары. Алдағы 5 жылда шаһардағы автобустардың барлығын түгелдей жаңалау көзделіп отыр, - деді елорда әкімі.
Сонымен қатар, қала басшысы бүгінде оң нәтижесін берген қоғамдық көліктерге арналған жолақтарды сызу жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, жолаушылардың арасында мүмкіндігі шектеулі адамдарға ерекше көңіл бөлінеді: барлық автобустарда пандус болады және аялдамаларға тактильді плиткалар төселеді. Балаларды қауіпсіз тасымалдау үшін «Shcoolbus» жүйесі жұмыс істейді. Жолаушыларға жолын бағдарлауға қолайлы болуы үшін «Astrabus» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қазіргі таңда бұл қосымшаны 2 мыңнан аса адам қолданады. Қазан айында қосымша барынша жетілдірілген түрде жұмыс істейді.
АВТОТҰРАҚ КЕҢІСТІГІ КЕПТЕЛІСТІ АЗАЙТАДЫ
Көліктердің көбеюі көшедегі қозғалысқа ғана салмақ түсірмей, оларға тұрақ табу да үлкен мәселеге айналған. Бұл жағдайды реттеу үшін Астанада «Автотұрақ кеңістігін бақылау» жобасы қолға алынып жатыр. Осы тақырыпты елорда басшысы Әсет Исекешев те қозғады.
- Көлік жүйесін дамытудағы маңызды бағыттардың бірі - автотұрақ кеңістігін басқару жобасын іске асыру. Бастама халықаралық кеңесшілердің қатысуымен әзірленген. Жобада көше бойындағы тұрақтар, вокзал маңындағы аумақтар, айып тұрақтары, үй айналасындағы аумақтар ескерілді. Мұны жүзеге асыру барысында тұрғындарға белгілі бір қолайсыздық тууы мүмкін. Бірақ бұл - әлемдік тәжірибеде әбден зерттелген, сарапталған жоба, - деді Астана әкімі.
Жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. Көлік иелері үшін тұрақ кеңістігі орын таңбаларымен, белгілермен, төлем үдерісін сипаттайтын ақпараттық тақталармен, сондай-ақ бос тұрақ орындары көрсетілетін электронды тақталармен және қолма-қол ақшасыз төлеуге арналған паркоматтармен жабдықталады.
«Астана қаласының автотұрақ кеңістігін басқару» жобасы жол желілеріне түсетін жүкті 20-30 пайызға азайтуға, жол ережелерін бұзуды 70-80 пайызға кемітуге әсер етеді.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ