Елордада көмір тиелген 7 вагон рельстен шығып кетті
АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Елордада көмір тиелген 7 вагон рельстен шығып кетті. Бұл ақпаратты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ведомствоның атап өтуінше, төтенше оқиға жұма күні сағат 12-де Сарыарқа ауданына қарасты Астана стансысында орын алған. Қарағанды-Астана бағытында келе жатқан №2811 жүк құрамасының жолдан шығып кеткен 7 вагонының 3-еуі аударылған.
ТЖМ ақпаратына сәйкес қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Сонымен қатар бұл апат жолаушылар пойызының қозғалысына еш кедергі келтірмеген.
«Сағат 20-15-те қалпына келтіру-жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Төтенше жағдайды жоюға ҚР ТЖМ Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 3 маманы мен 1 техникасы және Астана стансысының қалпына келтіру пойызы жұмылдырылды.