Елордада көпбалалы аналарға жаңа пәтерлер шілдеде беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандарға 150 пәтердің сертификаты тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Көпбалалы отбасыларға арналған 150 пәтер қалалық«Берекелі баспана» бағдарламасы аясында табысталады. Пәтерлерді беру екі кезеңнен тұрады. Оның алғашы кезеңінде 17 маусымға дейін құжаттар жинау және қабылдау, ал екінші кезеңінде 15 шілдеден бастап қоныстандыру жұмыстары жүргізіледі», - делінген әкімдік мәліметінде.

Қабылданып жатқан шаралар аз қамтылған көпбалалы отбасылардың баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының әл-ауқатының жоғарылауына септігін тигізеді. Айта кетейік, бүгінде елордада 46 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 3000-нан астамы көпбалалы отбасылар.

Тұрғын үй кезегінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар тұр, олардың қатарында көпбалалы аналар, тұрмысы төмен азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Елордада осы жылдың соңына дейін шамамен 2 мың пәтер беріледі.

Айта кетейік, «көпбалалы отбасы» санатында тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (Р.Қошқарбаев, 39) жүгінуі тиіс, байланыс нөмірі: 79-34-50.

Соңғы жаңалықтар