Елордада көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеті үлестіріліп жатыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада аз қамтылғандарға, мүгедектерге және көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеті таратылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«19 наурызда басталып кеткен акцияның қазір екінші кезеңі өтіп жатыр. Бірінші кезеңде 5 мың адамға азық-түлік себетін таратсақ, ендігі уақытта 6 мың адамды қамтуды жоспарлап отырмыз. Қалалық ұйымдардың және еріктілердің көмегімен үйлерге азық-түлік жеткізіп береміз», - деді «Nur Otan» партиясының елордалық филиалы саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Мәди Тайпин.
Оның дерегінше, бүгін волонтерлердің көмегімен 150 азық-түлік себеті таратылды.
«Жалпы бүгін 300 себет таратуды жоспарлап отырмыз. Ең бірінші кезекте мүгедектерді, көп балалы және аз қамтылған отбасыларды, жалғыз қалған қарттарды қамтамасыз етеміз. Бір себетте 5 келі қант пен күріш, 2,5 келі печенье, 1 келі ұн, 5 келі май мен макарон өнімі бар. Қазіргі уақытта бір себетке 50 медициналық маска қосып тарата бастадық», - деді Мәди Тайпин.





















