19:20, 14 Шілде 2022 | GMT +5
Елордада көпірден шыққан өрттен ешкім зардап шеккен жоқ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы «Арқар» көпірінен шыққан өрт сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Сарайшық көшесі бойындағы көпірдің тірек бағандарындағы электр кабелі 40 метр бойы жанған.
«Оқиға орнында электр кабельдерін тоқтан ажырату жұмыстарын жүргізу үшін Астананың аймақтық электр желісі компаниясының қызметі шақырылды. Осыдан кейін өрт сөндірушілер қызыл жалынды сөндіруге кірісті. Сағат 17-54-де өрт оқшауланып, 18-05-те толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ», - деп атап өтеді ведомстводан.
Бұған дейін «Арқар» көпірінен өрт шыққанын хабарлаған едік.